вторник, 1 июля 2014 г.

Мәңгілік нұр

Сайын МҮРАТБЕКОВ шығармаларымен жалпақ жұрт жақсы таныс. Оның әңгіме-хикаялары көп тілдерге аударылып, жат елдердің де ілтипатына бөленген. Әңгіме жанрының қас шебері Сайын Мұратбеков 70 жасқа толды.
«Парасат» журналы мыңдаған оқырмандарының атынан жазушыны мерейтойымен құттық - тайды. Мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейді.
- Мынау - Бүлкілбай. Мынау - Кетік. Мынау - Сай­ын, - деді Мәжікең, Мәжит Бегалин.
-   Үшеуін де білемін. Үшеуін де таныймын - деді Сапекең, Сапарғали Бегалин. «Қалайша біледі? Қалайша таныйды. Үшеумізді де бірінші рет көріп тұрған жоқ па? Жәй сыпайылық белгісі ғой...» - деп ой түйіп үлгердім.
Сапекең асығуды білмейтін, әрбір сөзіне мән беріп, әр сөйлемін саралап, сараптап, екшеп сөйлейін. Қап-қара мұртының (ол кезде сексеннен «жаңа ғана» асқан кезі ғой) екі шалғысын кезек-кезек сыйпап қойып, бізді қалай білетінін, қалай танығанын баяндаған.
- Бүлкілбайдың саған жазып берген хикаясын (сце­нарий дегені болар) оқып, авторы жұмбақтау, тәкаббарлау, тұйықтау жігіт болар-ау деп жобалағам. Кетігіңнің «Ағайындарын» оқығанда жаны-жұмсақ, ашық-жарқын, мүмкін жалтақтау жігіт па екен деп түйгем. Мынау отырған Сайынның «Қарындасын» оқығанда ой-санама келтірген сурет - дәл мынау, осы отырған жігіт. Қыздай сызылған, жібектей есілген. Көркем шығарма деген жазушының жан суреті ғой... Ақ қағазға түскен жан суреті ғой!
Мен таң қалдым. Мәскеуден «Жоғарғы»... деген оқуды бітіріп келіп, «ауылдағыларды» менсінбей жүрген кезім баяғы сол!
Қазақта «сайдың тасындай» деген тіркес бар. Шың төсінен сең құлағанда құм-топырақ пен ұсақ тастар сай табанында қалады, түйе тастар қарсы белеске, жеке өз биігіне шейін көтеріліп, сонда «жайғасады». Неғұрлым салмақты, неғұрлым аумақты тас қарсы беткейдің төсінен, төрінен орын тебеді. Қазақ: «сайдың та­сындай» дегенде ойыс-ойпаңды меңземейді.
Біздің буын әдебиет майданына келгенде алдымызда ата-ағалардың төрт толқыны бар еді. Біз ешкімнің жағасынан алып, классиктің орнын босат, тұғырға мен тұрамын деген жоқпыз. Осы Сайынды Әбу Сәрсенбаев пен Ғали Орманов демеп жүретін. Қалиханды Зейнолла Қабдолов пен Сафуан Шәймерденов суйемелдейтін. Ақан Нұрмановтың қамқоршысы Тахауи Ахтанов еді. Менің жетекшім - Ғабит Мүсірепов пен Тәкен Әлімқұлов болды. Және де Эбен Сатыбалдиев пен Бердібек Соқпақбаев сынды демеушілерім имандылыққа, ибалы болуға үйретті. Алдымыздағы төрт толқын, төрт буын төрт түрлі формацияның жемісі еді. Өкінішке орай заманауи тектоникалық қозғалыс-қопарылыстардың салдарынан толқындар аласарып барып, жуасып барып, тіпті, айғыржалданып барып, алыстан мұнартқан, басын бұлт ораған жұмбақ шыңдар системасына айналды. Алатаудың өзіндей заңғары мен қоңыр төбелері тұтасып, бір ғана биіктер керуеніне айналды.
Біздің буын, біздің толқын асықпай, аптықпай өз межесіне енді-енді жақындап келеді. Біздің меже де аласа емес. Асқар Сүлейменов осындай бір ойларды айтқанда «емес» деген сөздің соңын асқақтатып, «емес-с-с-с» деп, ерінін жымырып, қоқилана қарайтын еді. Мен де дәл қазір сол позаны ұстап отырмын.. Аласа емес-с-с-с!
Сайынның Кәмен деген кейіпкерін еске алыңыз. Бір көргенде момын, өз еңбегімен ғана күн көріп жүрген шаруа кейпін таныйсыз. Бар білгені - бала бағу. Бар мәртебесі, бар қуанышы - бірінен соң бірі ер жетіп, «шұбырып» өсіп келе жатқан терек-қайыңдары, көк шыбықтары. Миллиондаған жарлы-жақыбайдың бірі ғана. Қандай қанағатшыл, қандай көмпіс, қандай бақытты жан. Қазақтың тең жартысы Кәмен емес пе?!
Немесе Сайынның жеңешесін көз алдыңызға қайта елестетіңіз. Ақ босағадан жаңа аттаған шағында соғыс деген кесапатқа тап болды. Ыстық-суығы басылмаған жанұя екі жарылды. Бірі мылтық асынып, алыс Батысқа тартты. Бірі қолына таяқ ұстап, мал соңына, қоғам малының соңына түсті. Жасы қырыққа таяп қалған бұла сұлу тән қызығын аңсамайды деп кім айта алады? Мауқы басылмаған құштарлық, түнгі қарауыл әйелдің сағыныш әні болып күн сайын ақтарылып төгіледі. Өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын қоңыр үні бар.
Ақ төсектің бал дәмін бірге татқан некелі жарынан хабар-ошар жоқ. Содан бері жиырма жыл өткен.
Енді автордың өзін тыңдайық. «Құм арасының белі босаңдап, бусанып жатқан (бір сөйлеммен ғана айтылған қандай ғажап сурет!). Анда-санда ақырын ғана үрлеп өткен жып-жылы самал жел жас қорданың исін әкеледі танауға. Көкаязданған киіз үйдің сырты мөлт-мөлт еткең шыққа толы. Кенет үй ішіндегі күңгір-күңгір сөз ойымды бөліп жіберді. Қамар жеңгейдің даусы. Кіммен сөйлесіп отыр деп таң-тамаша болдым мен. Ақырын басып кеп ішке ендім. Ұйықтап жатыр деген Қамар жеңгейім ағаш төсек үстінде басын көтеріп отыр. Қолында әбден сарғайған, шет-шеті тозған күйеуінің суреті, оған қарап сөйлеп отыр. Қарсы алдында күйеуінің өзі отырғандай өкпе-назын айтып отыр.
- Мен бейбақты ғой жападан жалғыз тастап кеттің. Күт мені, келемін деп аттандың ғой. Келгенің кәне?Сарғайып әлі отырмын. Жолыңа қарай-қарай екі көзім төрт болды, не өлі, не тірі деген хабарың жоқ...».
«Озық ой тек батыста ғана. Күн батыстан шығады. Нұры Шығысқа тарайды», - деген идеологиялық қысым заманын бастан кешкенбіз. Әдебиет әлеміне жаңа бет алған кезімде майданға кеткен күйеуін ешбір қиналыссыз ұмытып, әлдекімнің түнгі әніне елітіп, ұябұзарлық мұнафих жолға түскен келіншекке бәріміз де құмарттық. Бәріміз де еліктеп бақтық. Арамызда жалғыз Сайын ғана бабалар салған қасқа жолдан қайтпады. Сайынның Қамар жеңешесі үздігіп өліп-өшкен талай-талай ынтык, ғашықтың бетін қайтара білді. Енді, міне, жесір атанғалы жиырма жыл өткенде және бір құда түсуші табылды. Жездесі мен әпкесі де: «Жөніңді тап, қарағым» деп ақ батасын беріп отыр. Бірақ Қамар көнбеді. Тән қызығын жан тазалығына жеңдіре білді. Қайсарлық танытты.
Енді Сайынның өзіне сөз үсынайын.
«...Қора жаққа келдім. Мылтығын ұстап, күзете Мақсүт қарт отыр екен.
- Қамар келген жоқ па? - деп сұрады Салиха шешей.
- Жоға, үйде емес пе еді.
- Жаңа шығып кеткен.
- Не дейді! Ойбай-ау, онда бұл жайбарақатығың не?! Жүгір ізде! Әкеңнің көрі...бұл Төлепберген ит жәй келуші ме еді. Жүгір!.. - деді даурыға айқайлаған Мақсұт қарт. Өзі бұлаққа қарай жүгірді. Біз де солай қарай ұмтылдық. Қарттан озып, бұрын жеткем, Қамар жеңгей белуарынан бұлақтың көзіне суға малшына кіріп, шалпылдата бетін жуып тұр. Маған бірден: «Жынданған екен!» - деген ой келді... Қамар жеңгей бойын қалтыратқан дірілді сездірмеуге тырысып, тас-түйін бо­лып тістеніп алған. Жүзі көкпеңбек, қаны қашып кет­кен...»
Сайынның Қамар жеңешесі өзін-өзі жеңе білді, жаны пәк, тәні таза қалпында, қанмайданда шейіт болған жарының аруағы алдында ар-ожданын таза сақтай алды. Шығыс әйеліне тән асқак, биіктен жігерсіздік билеген төмен етектің ылай-батпағына құламады.
Сайынмен оңаша сырласып отырғанда менің есіме Күсен-Күсеке түсе береді. Әдеби кейіпкер бейнесінде емес, жұпыны киінген момын шаруа қажып, әлденеге кінәлі адамдай жасқана жымиып, босағадан сығалап тұрғаны. Өзінің шиеттей бала-шағасын, адуын әйелін ұмытып, қайдағы бір мүсәпір жандарға ақша үлестіріп, жыл он екі ай мал соңында жүріп тапқан еңбекақысын мүләйімсіп сотталатын болдым деп, көмектесе гөр, құтқара гөр деп келген алаяққа ұстатып жіберіп сонысына өкіне де қоймай, енді өз авторы, өз ауылдасы Сайын Мүратбековке сәлемдесе келгендей ыржиып тұрғаны.
Бар қазақтың жинақталған, сомдалған бейнесі дерсің. Сайынның өзі дерсің. Автордың жаны дерсің.
Тән шаршайды, тән тозады. Жан өлмейді. Жазушы, шын жазушы жаны мәңгілік.
Сайынның таудағы үйінде Алпамыстың бәсіресі де­ген шағын бөлмесі бар. Кей-кейде Алпамыс екеуміз сол бөлмеде түнеп шығамыз. Терезесінен Алатаудың Най-за-Қара деген шықы сыйқырланып, мың өзгеріп, құлпырып көрінеді.
Күндердің бір күнінде сол бөлменің терезесі ал­дында ғажап бір кемпірқосақ пайда болды. Бір емес, бірінен-бірі кіші үш кемпірқосақ қызыл-жасыл өрнегін жайып тұра қалыпты. Алпамыс қуанып кетті. Тұрған орнында құлындай секіріп, ойнақтап кетті.
Ол кезде Алпамыс екі жаста еді.
Содан екі жыл өткенде, лоджада ойнап жүрген бала, әлденеге оқыс тап болғандай, айқайлап алабұртып жүгіріп келіп:
- Папа! Сайын ағаның үйінің үстінде кемпірқосақ тұр! Ғажап! Ана жылғыдай үшеу! Үш кемпірқосақ! Жүрші! Жүрші, көрші! - деп қолымнан жетектеп лод жаға шығарды. Шынында да Сайын үйінің үстіне нұр жауып тұр екен. Мәңгілік нүры...




Тарази, Ә. Мәңгілік нұр. Жазушы Сайын Мұратбеков туралы эссе / Ә. Тарази // Парасат. – 2006. – № 10. – Б. 13-14.

Комментариев нет:

Отправить комментарий