вторник, 1 июля 2014 г.

ЖАРАСЫМНАН ЖАРАЛҒАН ЖАН ЕДІ

Рудныйдың кұрылысшысымын. Қара күзде 1957 жылдың "Әдебиет және искусство" журналы мен "Қазак әдебиеті", "Лениншіл жас" газеттеріне жазылдым. Ол кезде газет-журнал қатаң графикпен шығарылып, кешікпей жеткізілетін секілді еді, жаңа жылдың алғашқы айының ортасында-ақ журнал қолыма тиді. Әдетім - қолыма тиген кез-келген басылымды түгін қалдырмай түгел оқып шығу. Журналды да солай түгендеп шықтым. Жарты ғасырдан астам уақыт өткенде есімде қалғаны - белгілі жазушы Тәкен Әлімқүловтың "Пейіл" атты әңгімесі, бұрын өзім оқыған баспасөз бетінен көріне коймаған сол кездегі жас ақындар Оразақын Асқар мен ФаризаОңғарсынованың бірді- екілі өлеңдері. Әсіресе Сайын Мұратбековтің "Менің қарындасымы". Бұрын өзім қалдырмай оқыған қазақ әңгімелерінен мүлдем бөлек бі- тіммен, нәзік әрі шынайы лирикасымен. Неге екенін қайдам, бұрын да оқып жүретін журналда жас таланттардың алғашқы шығармаларын жариялағанда автор оқырманға едәуір таныстырылатын еді. Тоқаш Бердияровтың қысқаша ғұмырбаянымен осы журналдың елуінші жылдардың басындағы бір саны арқылы танысқаным бар. Мына нөмірде авторлар олай таныстырылмапты. Соған орай, "ойпырмай, мына жазушыны неғып бұрын оқымағам, керемет екен ғой" деген өкініш билеген көңілімді "Менің қарындасымды" оқып шыкқан соң.

Содан елу жетінші жылдың жазы кеп қалды. Құжаттарымды Қазақ университетінің журналистика факультетіне жібердім. Бір күні "құжаттарыңыз қабылданды, тек медициналық анықтама жетпейді, оны Алматыға келген соң, дәрігерлерге көрініп, аласыз да, бізге тапсырасыз" деген хабар келді. Жұмыстан босадым да, Алматыға тартып кеттім. Қазір қайдам, ол кезде құжаттары қабылданған қыз- жігіттерге емтихан алынатын пәндерден консультация өткізілетін. Сондай консультацияның бірін күтіп, өткен жолы танысқан Кәмила Бәкиева деген қызбен жай ғана әңгімелесіп отырғам. Бір кезде бір жігіт қасымызға жақындады. Көркіне көз тоймайтын, бойы сұңғақ, келістіріп алдырған шашы бұйралау, қой көзді жігіт. Кәмиламен бұрыннан таныс секілді. Қуана амандасып, аса бір жылы ибамен күлімсірей көрісті. Таныстығы шын екен, екеуі де Талдықорғаннан, оның үстіне облыстық газет төңірегінен болып шықты.
- Сайын... Мұратбеков, - деді маған қолын ұсынып. Аңтарылып қалдым. "Ойпырмай, сол жазушы ма? Өзім құралпы ғана жігіт екен ғой!" деген ой жылт етті.
- "Менің қарындасымның" авторы сіз бе? - дедім өзімнің аты- жөнімді айтудан бұрын. Күлімсіреді, басын изеді. Ол да журналистика белімшесіне құжат тапсырыпты. "Ойпырмай, оған қүжат тапсырғандардың бәрі мұндай болса, менікі жай әурешілік емес пе? деген күмән қылаң беріп қалды.
Содан былай көрген жерде шұрқырап амандасып, едәуір әңгімелесіп те жүретін болдық. Емтихан басталар алдында болған тағы бір консультаңиядан соң Сайын:
-     Киноға барсақ қайтеді, — деді.
-     Барайық, - дедім апыл-ғұпыл.
Қасымызға Кәмила мен жатақхананың бір бөлмесінде онымен бірге орналасқан, талшыбықтай әрі бойшаң Соня Мартинсон деген қыз ерді. "28 панфиловшы" бағына жеттік. Ол кезде казіргі "Жұлдыз" мейрамханасының орнында кинотеатр бар. "Ударник" пе, "Родина" ма? - қазір есімде жоқ. Есімдегісі фильмнің аты - "Байғұс менің әжем-ай", Бразилиянікі.
Фильм сұмдық ауыр екен. Соғыс жылдарындағы әкесіз, шешесіз өткен бес жыл, әкемнің ең үлкен жеңгесі "апам" ойыма оралып, бір өксік алқымыма тығылды. Фильм бітіп, сыртқа шыққандағы кейпіміз бәріміздің де сол күйде екенімізді анық аңғартты. Бәріміз де үнсізбіз. Екі қыз озыңқырап кетті. Сайын сыбырлады:
-     Үндемей-ақ қоялық. Кәмиланың көңілі бос.
Сонда байқадым Сайынның ала-бөтен сезімталдығын. Тағы да есіме "Менің қарындасым" оралды. Тұнық сезімге селкеу түсіргісі келмеген ағаның әдемі әдебі.
Жиырма шақты жігіттің, бірді-екілі қыздың қатарында екеуміз де қабылдандық. Жексенбі күндері А.С. Пушкин атындағы көпшілік кітапханаға беттейтін де екеуміз секілді. Сондай бір беталыста Сайын айтты:
" Байқаймын, Нұрмахан, жазу-сызуға қабілетің де, ынтаң да бар, "Лениншіл жастағы" хабар-ошарларыңды, мақалаңды оқып жүрем. "Қазақ универистетіндегі" әңгімеңді де оқыдым. Көңіліңе келмесе, бір кеңес айтайын.
-     Айт, — дедім.
- Айтсам, орыста Георгий Радов деген журналист-жазушы бар. "Ене" деген әңгімесі "Огонёк" журналының биылғы сыйлығын алды. Оқып көр. Әңгімемен қоғамның проблемасын көтерген. Сенің де ыңғайың соған келетін сықылды, - деді. Содан кейін өзінің орыс, шетел жазушыларынан кімдерге ықыласы ауатының жеткізді.
Г. Радовтың әлгі әңгімесін ғана емес, басқа очерктерін де оқыдым. Ұнады. Бірақ кейін публиңистикаға біржола ден қойдым да, Сайын айтқан журналист-жазушының деңгейіне көтеріле алғаным жоқ.
1958 жылдың жазында бір басылымнан Сайынның тагы бір әңгімесін оқыдым. Тағы ұнады. Екінші курстың оқу жылы басталар алдында жолықтық. Әңгімеден алған әсерімді жеткіздім.
- Сол әңгімеде, - деді Сайын, - бастауыш комсомол ұйымының хатшысының бейнесі бар ғой. Сенің образыңды шығарсам деп едім. Шығара алмадым. Үстірттеу кетті.
Несіне ренжимін, ниетіне рахмет айттым.
Сол күзде ме, келесі кұзде ме, есімде қалмапты, тың астығьш жинауға тағы аттанбақпыз. Мен өзі белсенділеу едім, комсбюроға сайланғам. Содан бір топ студентті бастап бару маған тапсырылды. Дайындалып жатырмыз. Сайын айтты:
-     Нұрмахан, менің үйленбек ойым бар. Мені катарымызда деп тізімге қоса салсаң қайтеді? - деді.
-     Мақұл, - деп бір-ақ қайырдым.
Сонымен Сайын үйленіпті де, сырттай оқу бөліміне ауысып кетті. Қысқы сессияға келгенде тағы жолықты.
-     Колхоз газетін шығарып жүрмін, - деді, - Айтпақшы, қырғызда Шыңғыс Айтматов деген жас пері шықты. Мұхаң қолдап жүр. Керемет әңгімелері бар. "Жәмила" деген хикаяты "Правданың" кітапханасы" сериясында шықты. Луи Арагон керемет мақтапты. Оқы, - деді.
"Жәмиланы" сатып алғам, бірақ оқып үлгерген жоқ едім. Алдымен Луи Арагонның мақаласын таптым. Шынында да керемет мақтапты. Содан кейін ғана "Жәмилаға" кірісіп, бір түнде оқып шықтым. Әсерленгіш, соныға ықыласымыз ауып тұратын кез ғой, шын ұнады.
Содан кейін бірер жыл жолығыса алмадық. Үшінші, төртнші курстарда біз облыстық газеттерде бір семестр түгелімен — төрт айдай практикада жүретін болдық. Алпыс бірдің көктемінде үйленгем. Студент болып стипендия алғанмен, отау тіккен соң тұрақты жұмыс істемесең күн көре алмайсың. Қайда бас сұқсам екен деп каникулдан келген соң ойланып жүргем. Ұзамай оқу да басталмақ. Бір күні ойда жоқта Сайын кездесіп қалды.
-     Хабарың бар ғой, біздің Талдықорған Алматы облысымен біріктірілді ғой. Содан Талдықорғандағы газет жабылған. Осындағы "Жетісуға" ауысып келдім жақында. Бастығым Әукен Жайлыбаев. Газеттің бір бет материалын машинкаға диктовать етіп-ак бітіріп кететін қасқа, - деді. - Өз жайың калай?
Үйленгенімді, енді жұмыс қарастырып жүргенімді білдірдім.
-     Осы бізде бір корректорлық орын бар секілді. Кәкеңе (Кәкімжан Қазыбаев) айтайын, ертеңдері соқсайшы, - деді Сайын.
Ертеңіне соқтым. Уәде беріп тұрып, ұмытып кететін біреулер емес қой Сайын. Кәкеңмен сөйлесіп те қойыпты. Кәкеңе бардық. Азамат қой. "Сені сыртыңнан білемін ғой. Оның үстіне Сайын мақтап отыр. Ертеңнен бастап корректорлық қызметке кіріс, орын болып жатса, үш- төрт айдан кейін әдеби қызметкер болып шыға келесің", деді.
Төрт ай істедім. Атақты XXII съезд жүріп жатқан кез. Түнімен баспаханада боламыз, күндіз демаламыз. Демалыс дегеніміз болмаса, ол оқуға кетеді. Жетпіс сом ғой деймін, азын-аулақ жалақысы бар, стипендия бар, пәтер жалдауға, макарон қуырып жесек те, аш қалмауға жетеді. Жаңа, 1962 жылдың алдында курстасымыз Әбіш Кекілбаев жолығып қалды. "Қазақ әдебиетіне" жұмысқа орналастым. Жұмағали Ыс- мағүлов деген жаңа редакторымыз алды. Бізде фототілшілік орын бос көрінеді. Келсең қайтеді? Ықыласың болса, сөйлесіп көрейін", деді. Сонымен, жаңа жылдың екінші күнінен "Қазақ әдебиеті" газетіне ауысып кеттім де, диплом қолға тиген соң Жезқазғанға, аудандық газетке кетіп қалдым.
Жыл өтіп, демалысқа шықсқан соң Алматыға соқтым. Сайын "Жүлдыз" журналына ауысып.қетіпті, Кәкеңнің өтініші бойынша өзім ұсынған курстастарым Арыстан, Рәшит, Бекболат "Жетісуда" істеп жүр екен. Шұркырасып жатырмыз. Кәкеңе кіріп сәлем бердім. Ертеңіне "Жұлдызға" соғып, Сайын доспен қауыштым.
-     "Түрксиб" колхозында, аэропорт жолында, пәтер жалдап тұрамын, қиканды қойып, ертең кешке үйде боласыңдар, - деді. Бардық. Мәрияны алғаш көруім. Барын жайып, қонак етті. Сайын "Бір әңгіме жазып, жақында бітіріп ем. Соның бір данасын ала кетсең қайтеді, газеттеріңе жарияларсындар" деді. Сайын өтініп тұрса не эңгіме бар, ала кеттім. Оқырман біле берсін дегені болар, әйтпесе Сайын жазғанды кім жа- рияламасын.
Демалыстан оралған бойда қол қойып, жауапты хатшы Сапабек Мырзатовқа тапсырғам да, өзім алыс бір шаруашылыққа іссапарға аттанғам. Мен одан оралғанша Сапабек екі номерге салып та жіберіпті. Бірак бір жерін шамалы қысқартыпты. Соны телефонмен Сайынға айттым.
- Сендердің жауапты хатшыларыңның талғамы анау басылымның (республикалык газет-журналдардың бірін атады-Д.0.) редакторының вкусымен бірдей екен. Ол да нақ сол жерін қысқартып жариялады, - деді.
1964 жылдың көктемінде Түркістан аудандық газетіне ауыстым. Қалтаға тиын-тебен түссе, кітап дүкеніне бас сұғатын кез. Сайынның "Отау үй" деген екінші жинағы тұр екен. Дереу алып, түнделетіп оқып шықтым да, түйгендерімді жаздым. "Лениншіл жасқа". Көп ұзамай жарық көрді. Ол мақала мынау:

" Жол айрығында.
(С. Мұрабековтың әңгімелері жайлы).

Сонау елу жетінші жылы "Әдебиет жэне искусство" журналының бірінші санында жарияланған шапшағын "Менің қарындасым" атты әңгімені оқып шыққанда әрбір адамның көңілінде түбітгей бір жұмсақ сезім қалған еді. Әңгіме авторы бұрын әдеби қауымға болсын, қалың оқушыға болсын бейтаныс - Сайын Мұратбеков еді. Сонан бері жеті жарым жылдай уакыт өтіпті де, Сайын енді әдебиет сүйер қауымға танымал болып қалыпты, екі жинақ беріп тастапты. Оның бірі 1961 жылы шыққан "Менің қарындасым" да, екіншісі биылғы "Ауыл оттары". Кітапқұмар жұрт жазушының бірінші жинағын-ақ жылы қабылдаған.
Сайын әңгімелеріндегі ерекше бір қасиет ол жасаған образдардың қай-қайсысы болмасын жол айырығында, өзгеріс қарсаңында тұрады. Осынысымен де оның әңгімелері оқушыны ерекше баурап, жылы сезімге, ойға жетелейді. Бұл қасиет оның бірінші жинағындағы әңгімелерінен-ақ біраз бой көрсетіп тастаған-ды. "Менің карындасымдағы" алғашқы пәк махаббатын оқуға жөнелткен Әлима ғана емес, жол айрығында баяндаушының өзі де тұр. Қарындасының жан-күйін жіті бақылаған әңгімеші де өзінің жоғалтқан ыстық бір нәрсесін еске алғандай. Табы кетпес әдемі сезіммен кезінде тегін айырылғанына өкінеді.
Алғашқы жинақтағы әңгімелер Сайынның ендігі бағытын айқындағандай еді. Күткеніміздей-ақ екінші жинақ осы қасиетті мол дамытып тастапты. Жинақты алғаш оқып шыққанымызда ескі танысымызбен кездескендей болдық. Оның себебі, кезінде әр жерде жарияланған әңгімелерді кездескен сайын сүйсіне оқып шығатынымыз бар-ды. Бірақ бөлек-бөлек жүргендіктен Сайын әңгімелерінің жалпы, ортақ қасиетін онша бағдарлай бермейтінбіз. Енді міне, сайдың тасындай іріктеліп сол әңгімелер бас қосқанда әлгі бір қасиет анық білінді.
"Ауыл отындағы" Жолбай мен Әсилә да, "Махаббаттағы" Әсия да, тіпті қызы мен болашақ күйеу баласының жылы түндегі әңгімесін оқыс естіген, жігіт кезін есіне ала тұрып "Мүмкін махаббат дейтін сол шығар" дейтін қатал әке Отар да, "Таңғы шықтағы" "апырау, сол бақыттан қалай айрылып қалады" деп таңданатын, үш ай сарғайып түрмеде отырып шыққан, екі жастың мас махаббаты жүрегін оятқан Тұраш та, "Бекеңнің құбылысындағы" ата-бабам молалары деп күйініп жүретін, бір күнде жермен жексен етіліп жыртылып тасталған сол молаларды көріп қатты күйзелетін, бірақ артынан Серік қазасы тұсында "Аруақ та қатыгез бе еді осындай? Арыстай бір азаматты қыршыннан қиғаны несі. Басқа жеңілдеу жаза табылмағаны ма?" - деп күңіренетін Бекең де, "Алғашқы қардағы" Күлипа мен Сұлтан да - бәрі-бәрі де сол бір жол айырығында тұрған жандар.
Міне, бұл Сайын әңгімелерінің жақсы бір қасиеті, әрі қолдан жасалмаған, өзінің занды, табиғи пішінімен бейнеленген, оқушы сенетін, іштей риза боп құптайтын жол айрығы. Мұның өзі Сайын психологиялық әңгіме жасауға шын төселіп қалғанын танытса керек.
Негізі, Сайын әңгімелері жас арудай ыстық, қыз мінезіндей сыпайы, жұмсақ келеді. Мұндай әңгімелерді қыз мінезді жазушы ғана бермек.
Жоғарыда аталған көп әңгімелер сол бір түннің жылы самалындай сезіммен шарпылған.
Сайын әңғімелерінің геройлары қарапайым адамдар. Көбіне- көп ауыл адамдары. Міне сол қарапайым жандар бейнесін Сайын жақсы жасай біледі. Бар бітім-тұлғасымен, іс-әрекетімен, ой- сезімімен көз алдыңа әкеле біледі.
Жалпы Сайын қай әңгімесінде болсын, тоғышарлықтың бар көрінісіне аяусыз соқкы бере біледі. Ол тоғышарлық атаулыға қас. Тоғышарлыққа қарсы үлкен жүректерді қарсы қояды. Әрі тоғышарлыққа қарсы күрес кұр декларация емес, соларға сүйікті геройларының іс-әрекетін карсы қою арқылы мақсатына жете біледі. Бұл орайда "Оқытушыдағы" Мүбәрәк бейнесі қызық жасалған. Өзін ауыл интеллигенңиясының алды есептейтін Мүбәрәк қаншалық ұсақ, қаншалық құрдым адам. Ол ештеңеге араласпауымен, тек бәрі жақсы, бәрі керемет деп қарауымен зиянды. Чехов әңгімесіндегі "Волга впадает в Каспий" деуін қоймайтын адам сияқты Мүбәрәк та жұрттың бәріне таныс, жұрттың бәріне айқын аксиомаларды қайталап айтуымен күйкі. Ол өзінің қуыс кеуде мещандығын жаттанды сөздермен ғана жауып жүрген жан.
"Арт жақтан баяғы "хрру -хрру" деп Манардың шешесі Қайнипа кемпір де келғен.
-  Манар, а Манар! - деді қатулы үнмен.
-   Сен бе, сен оңбассың. Бұл үйге сенен өзге адам неге түсірмейді шөпті, сен неге түсіресің?...
-  Апа-ау, өшір үніңді, не айтып тұрсың, ұят емес пе?..
-       Жә, жә, сен нені білуші ең. Ел өсегі...
-       Шеше, қайтыңыз үйге. Балаңыз казір барады. - деді кемпір сөзіне ыза болған Жолбай".
Бұл "Ауыл отынан". Күйеуінен ажырасқан жас келіншектің үйіне шөп түсіріп жатқан екі жігіттің бірінің шешесі әлгіндей дейді. Манардың ол үйге шөп түсіруіне де қарсы. Өйткені, ел өсегі бар. Ия, ел өсегі! Нағыз тоғышарлық осы. Автор бұған Жол- байдың бір-ақ сөзімен жауап береді. Осы әңгімедегі Әсилә да күйеуінен, малтабар Жүністен сол тоғышарлыққа шыдамай ажырасқан. "Қызғаныш", "Оппа", "Ата" аталатын және басқа көптеген әңгімелерде тоғышарлық Сайын қаламынан соққы алады. "Таңғы шықтағы" Тұраш әйелінен сол тоғышарлығы, парықсыздығы үшін жиіркенеді, "Атадағы" Сәния мен Бағаннан көңліңіз қатты қалып, сіз де қариямен бірге қиналасыз.
Сайын әңгімелеріндегі тағы бір ерекшелік ұтқыр қысқалық. Көп сөзге, бос сөзге оның әңгімелерінде орын жоқ. Бір-екі дөп деталь арқылы көп жай-күйді аңғартып кетеді. "Қыран құс көк жүзін шарлап кетедіден" бір ғана үзінді алайықшы:
"Үлкен адам дүниеден қайтты...
Радиодан концерт жалғастырыла берді. Дарқылдаған әйел үні "ахахаулап" шырқай жөнелді".
Қандай ұтқыр, қандай шебер. Жүрегіңді тырнап кетеді осы жолдар. Мұндай детальдар Сайында баршылык.
Мұның бәрін айтқанда, Сайын әнгімелерінде кемшілік жоқ екен деуден аулақпыз. Бірақ оның әңгімелерінен үлкен мәдениеттілік, эңгіме табиғатын жақсы танушылық байқалады. Мұнан шығар қорытынды: Сайын жіберген кемшіліктерін өзі де айқын аңғара алады. Оған күші де, шеберлігі де жетеді. Солай болсын да.

Нұрмахан Оразбеков.
Түркістан каласы.

Әрине бұл маман әдебиетшінің емес, қарапайым оқырманның пікірі. Сайын телефон соқты. "Кітаптың шыққанына біраз болып қалып еді. Сыншылардың ешқайсысының көзіне ілінбеді ме, әлде ұнатпады ма, ешқайсысы үндемеді. Бірінші кітабыма да Нығмет Ғабдулиннен басқа ешкім үндемеп еді. Мынау да соның кебін кие ме деп көңілім қоңылтақсып жүр еді. Рахмет, ризамын" деді.
1965 жылдың күзінде Алматыға оралдым. "Лениншіл жаста", "Социалистік Қазақстанда" істедім, кейін ҚазТАГ-қа бардым. Сайын "Қазақ әдебиетінде" редактор болып жүргенде халықаралық тақырыпқа аздап түртіп жүрдім, Қуандық Түменбаевтың "Ауыл шетіндегі үйіне" рецензиямды жариялады. Бірақ қызмет бабы әр саладан болғаннан кейін араласа қоймадық. Бірақ зәуде кездесе қалсақ, баяғы емен-жарқын әңгімеміз балалай кететін.
1984 жылы Германия Федерациялық Республикасында өткен Қазақстан күндеріне бірге бардық. Ол делегация мүшесі, мен - лектор. 2004 жылы Иранда Хомейнидің қайтыс болғанына бес жыл толып, азаның алып тасталуына арналған салтанатқа шақырылған делегация құрамында бірге болдық.
1995 жылы мен "Қазақстан" баспасына директор болып ауысканнан кейін шығармашылық жұмысқа біржола көшіп алған Сайын жиірек соғып жүрді. Онда да әңгімеміз әркімнің шаруасы жайында емес, достық рай ауанында ғана. Оңаша сырласып қаламыз.Ол әңгімелердің бұл арада қажеті жоқ.
Соңғы кездесуіміз Кәкең ағамызды еске алу күнінде, 2004 жылы болды. Ауырып жүрген жайым бар, деді. Қатты сыйлайтын ағамыздың аруағына тағы бір бас ию үшін амалсыз келдім, деді. Көлігің болса мені үйге жеткізіп тастасай, деді. Жеткіздім. Мәрияның бір-екі кесе шайын іштік.
Бір күні ұзақтау бір сапардан оралған бетім сол еді, телефон шылдырлады. Сәкен Иманасов екен. "Сайыннан айрылып қалдық" деді. Тас төбемнен біреу қойып қалғандай болды. Бардық. Қара жердің қойнына жөнелттік. Топырақ салдық. Дүға оқылып, бет сипадық. Бірақ одан аяулы Сайын қайтып оралмайды. Енді сырласа алмаймыз. Сырласатынымыз — оның сұлу туындылары. Солардың бірі қолыңызда.
Біздің бір факультеттің бір курсын бірге оқығандардан төрт жігіт Мемлекеттік сыйлық алды. Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбай. Төртіншісі - аласапыран ғұмырда шәй деспей өткен аяулы досым Сайын Мүратбеков.

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қызметкері, "Парасат", Құрмет "
ордендерінің иегері.


Оразбек, Н. Жарасымнан жаралған жан еді / Н. Оразбек // Басында Үшқараның... / С. Мұратбеков. – Алматы : Қазақстан, 2010. – С. 3 - 10.

Комментариев нет:

Отправить комментарий