суббота, 11 октября 2014 г.

Жібектей жұмсақ жан еді.


Әңгіме жанрының хас шебері Сайын Мұратбеков бүгінде көзі тірі болса,75 жасқа келер еді.Тағдырдың жазуына не шара..,Көңілге медет етерміз,ол артына өлмес туындыларын қалдырды. Иә,ол төл әдебиетіміздің қоржынына мол олжа салумен қатар,қазақ прозасына тың тыныс,өзгеше өріс әкелген жазушы. Сондықтан да, оның қаламынан туған «Менің қарындасым», «Райгүл», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның», «Жабайы алма»сияқтыәңгіме хикаяттары уақыт табымен ескіріп қалмай,бүгінгі оқырманның да іздеп жүріп оқитын сүйікті шығармаларына айналған.Біз бүгін жазушының жан жары Мәриям Мұратбек келінің естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз
Сайынмен бір ауылда тұрдық. Алғаш көргенім 1953 жылы. Біздің үйде ұн бітіп қалды да, анамыз: «Колхоз қамбасынан өзім барып сұрамасам, сендерді баласынып бермес», деп өзі кеткен. Сәлден соң есік алдына шана келіп тоқ-тады. Шықсам, бір жігіт екі қап ұн әкелген екен. Маған көмектесіп, түсірісіп жіберді де:

- Менің атым - Сайын, танысып қояйық, ал сенің атың ше? -деп сұрады. Мен атымды айттым.

Содан бастап көрген жерде сәлемдесіп жүрдік. Мен оқуымды бітіріп, ауылға келдім. Онда анам, іні-сіңлілерім тұратын. Әкеміз қайтыс болған. Сол ауылдағы аурухананы баскардым. Сайынның анасы да көптен бері осы жерде акушерка болып қызмет істейді екен. Білмегенім болса, сол кісімен ақылдасамын. Жөнін айтып, ақыл-кеңес беріп жүрді.

Бір күні ол кісі:

- Мәрия, балам ауырып, 3-4 күннен бері ыстығы түспей тұр-ғаны. Барып көріп бересің бе? -деді. Мен:

- Тәте-ау, өзіңіз де медиксіз ғой, - десем:

- Сен де қарап көрші, көмегің қажет болып түрғаны, - дейді. Ауруларды қабылдап болған соң, әлгі кісінің үйіне бірге барып, қарауға тура келді. Баласының баспасы (ангинасы) асқынып кетіпті.
- Тәте, сіз жұмыстасыз, ешкім қарай алмайды ғой. Ауруханаға жатқызайық, - деп едім, анасы бірден келісті. Қолына: «Ертең сағат он кезінде кел», деп қағаз жазып беріп кеттім.

Бір аптадай емделіп, жазылып шықты. Арада біраз күн өткен соң тағы келіп тұр.

- Не болды, тағы ауырып қалдың ба? - деймін.
- Жоқ. Студенттермен бірге күзгі жұмысқа Қостанайға кетіп бара жатыр едім. Қоштасып кетейін деп келдім, - дейді.
- Жақсы, жолың болсын! Енді ауырма, - десем, күлімсіреп:
- Мен келгенше күт, - деді.
- Түсінбедім, - деп едім.

- Сен маған көп жігіттердің бірі деп қана қарайсың ба? Менің көңілім басқа, түсінші мені, - дейді.

Ертеңіне анасы келіп:

- Әзер кетті. «Сіз қарай жүріңізші, маған ол қыз ұнайды», деп. Мен маған да ұнайды дедім, — деп жымияды. Мен де күліп:

- Тәте, сонда қайсыңызды таңдайын, - десем: «Бәрібір ғой, біз бір адамбыз ғой», - деп тұр.
- Бұйрық біледі ғой, тәте, - дедім де қойдым. Бір айдан кейін Сайын келіп тұр.
- Не, ауырып қалдың ба?
- Жоқ , жұмыстан қайттым, — дейді. Кешке үйге келсем, анам: Сайынның әкесі келіп:
«Рұқсат берсең, 3-4 күннен кейін құда түсейік» деп кетті, - деп отыр. - Сен ол балаға қалай қарайсың? Өзі жазатыны бар, жазушы боламын деп оқып жүр. Сендерді мен жалғыз бағып жүрмін, қалай болар екен?» - деп сөзінің аяғын бұлыңғырлатып бітірді.

Нағашыларымның қолында өскендіктен, анамды тәте дейтінмін.

-  Басқалары ұнамайды, бұйырғаны болар, - дедім.

Сол жылы үйлендік те, келер жылы Сәкең сырттай оқитын бөлімге ауысты.

- Неге олай еттің? - деп едім.
- Жазатын болған соң ауыл өмірін білуім керек екен, - деді.

Екі жылдан кейін мені аудандық партия комитетіне шақыртып, бірінші хатшы Алыбаев деген ағай аудан орталығындағы перзентханаға басшы етіп қойғысы келетін ойын білдірді. Мен отбасымның барлығын, жолдасымның Алматыдағы жоғары оқу орнында сырттай оқитынын айттым.

- Ол кім? - деді.

- Мұратбеков Сайын.
- Білемін. Жақсы болды. Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп кімді қойсақ деп отыр едік. Дұрыс болды. Енді келесің бе,қарындасым? - деп күлді.

- Жарайды, аға, - деп 4-5 күннен кейін жаңа жұмысқа кірістік.

Бір жылдан соң Талдықорған облысы Алматы облысына қосылды да біз Алматыға келдік. Аэропорт жақтан пәтер жалдап, 4-5 жыл тұрдық. Сәкең облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа кірді. Одан «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты. Сол жылдардан бастап, Жүмекен, Әбіш, Асқар Сүлейменов, Зей-нолла Серікқалиев, Қалихан, Мағзом, Жайсаңбек сынды шығармашылыкқ адамдарымен араласа бастады. Әуежайдың жанында болғандықтан, іс-сапарға баратындар біздің үйге келіп,қонатын да, таң елең алаңнан оларды
Сәкең екеуміз шығарып салатынбыз. Әуежай мен біздің үйдің арасы бір-ақ аялдама.

Сол маңда Бірінші май аталатын шағын көл бар. Жолдастарымыз жаз кезінде соған келіп түсіп, демалып, қона жатып қайтатын.

Бірде Сәкең Мұқағалиды ертіп келді. Отбасы әлі ауылда, өзі салт жүрген кезі екен. Мен картоп пен еттен қуырдақ жасап жатыр едім. Сәкең кешке қарай «шәй» деп, өте шөлдеп келетін. Қонақ келген соң, тамақ салайын деп ет алып келіп ем, Мұқағали:

- Мәрияш, маған ет аспа. Қазір мына қуырдақ пен шайды алдыға алалық. Сонан соң жақсылап кеспе жасашы, - деді. Кеспе жасап бердім. Сондай бір рақаттанып отырып ішті. Оның артынан терлеп-тепшіп самаурынның шайына қанды. Қонып, ертеңіне Сәкең екеуі көлге түсіп, демалды. Мен жейдесін жуып, шалбарын үтіктеп беріп ем, балаша куанып:

- Лашын балалармен көшіп келгенше келіп тұрайыншы, - деп мэз болып, риза көңілмен аттанды. Көрген жерде: «Халің қалай, қарындасым? Айналайын!», деп жаны қалмайтын.

Сәкең «Алғашкы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» әңгімелерін, «Қыран кұс көк жүзін шарлап кетті» атты очерк, диплом жұмысын сол эуежай маңындагы пә-терде тұрғанда жазды. Төрт-бес жылдан соң қаладан үй берді. Мұнда «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Көкорай», «Басында Үшқараның», тағы басқа туындылары дүниеге келді. Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін «Тел өскен ұл» кино-повесін, «Жеңеше», «Күзгі бұралаң жол», «Құданың фокусы», «Біреу» эңгімелерін жазды. Біраз аударма жасады. Олардың ішінде Оңтүстік Африка елдерінің прогресшіл жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам», Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», тағы басқа туындылар бар.

Осылардың ішінде «Басында Үшқараның» әңгімесінің жазылу тарихы былай еді. 1967 жылдың жазында Сәкең Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқпакбаев үшеуі Сайынның ауылына барып, екі аптадай жайлауды тамашалап, отағасымыздың ата-бабалары, нағашы аталарының мекенін аралап қайтты. Жайлаулары Қапал тауы мен Текелі тауының арасы. Ортасында Қора өзені ағып жатыр. Өте асау, тасығанда малды да, адамды да ағызатын долы тау суы. Сол өзеннің жағасында жаздай малшылар қоныстайды. Жоғарыдағы жа-зықта Мұратбек атасының жайлауы. Одан әріректегі текше нағашы атасы Тілеудікі. Екі жүз метрлік биіктен «Бұрқан бұлақ» деп аталатын сарқырама құлайды. Үшеуі сол жерлерді аралап, демалып, риза болысып қайтқан.

Келгеннен кейін бір күні Сайын маған: «Ойыма бір керемет сюжет келді, соны жазамын», - деді. Басын бастап, ойланып жүрді. Келесі жылы Әкім Таразимен бірге Жамбыл облысына кетті. Содан келгеннен кейін күзде жазуға отырды да әлгі бастаған дүниесін аяқтап, «Басында Үшқараның» де-ген атпен жариялады. Туындысының басына «Әкім Таразиге арнаймын» деп жазды.

Әңгімесін Әкім ағаға арнау себебі, екеуі бір туғандардай тату, адал дос еді. «Әкім көкеміз 1962 жылы жазда оқуды Мәскеуден бітіріп келгенде алғаш Тахаңмен бірге барып танысып едік», - деп отыратын Сәкең. 1964 жылдан бастап ағалы-інілі бауырлардай бірін-бірі сыйлап, соңғы күндерге дейін жақ-сы араласты. Саяжайдағы үйде терезесі тауға қараған бір бөлмені Әкім Тарази қатты ұнататын, келген сайын сол бөлмеде жататын.

«Бұл жерден Найзақара тауы жақсы көрінеді, сонысымен ұнайды», - деуші еді. Әлі күнге дейін коңырау шалып, Алматыға келсе, үйге соғып, амандық сұрап, қамқор болып жүреді. Дәл қазір ондай адал достыққа әркім де зәру емес пе. Ал біздің жолдастығымыз тамырын тереңге жайып, бірге туған бауырлардай жақындасып кеткенбіз.

Шығарманың басты кейіпкері Әсет - Сайынның өзі. Зағипа - әлі де бар, ақсары, ақжарқын келіншектін. Қазір ауылда тұрады. Малшының әйелі. Шын аты – Сәруар. Алматыға келсе, міндетті түрде үйге соғады. Сәулетайға келетін болсақ, әңгімеде баяндалған жағдай шынымен де болған оқиға. Оны Сәкең біраз өңдеп, шығармаға қосқан ғой. Ал әпке деп отырғаны - Мұратбектің інісі Мұратудың қызы. Әңгімедегі ұзатылып жатқан сол қыз болатын. Басқа кейіпкерлер де осы Қоңыр ауылының тұрғындары.

Сәкен туған ауылын. оның әсем табиғатын. мөлдір бұлағымен асқар тауын сүйетін... Несін айтайын, келмеске кетті ғой көп күндер...



Ол шығармаларын көбінесе түнде отырып жазатын. Жыл мезігілдерінен күзді жақсы көрді. Жазуға жаңбыр не қар жауып тұрғанда отырғанды ұнатушы еді. 1987-1988 жылдары қатты жөтел қысып, дәрігерлер демікпе (астма) деген диагноз қойды. Тау жақта саяжайымыз бар еді. «Сол жақта кішкене тыншимын», деп сонда жиірек барып жүрді. Күзде үлкен бір бөлменің ортасын пешпен бөліп, екеуміз сонда көшіп алдық. Жыл өтпей жөтелі сап қойып кетті. «Мына жердің ауасы жакты маған, енді осында тұрамын», деп сонымен ол жерде тоғыз жыл тұрдық.

2003 жылы сусамыр (сахарный диабет) деген дерт сап етіп, одан емделіп жүргенде тағы сырқатқа душар болды. Дәл осы кезде үлкен қызымыз аяқасты инсулытан қайтыс болып, бұл ауыр соққы Сәкеңнің дертін ұшықтырып жіберді. Кейінгі кезде: «Мен мына ауруды жеңе алатын түрім жоқ. Әлсіреп барамын. Сен мықты бол, ең болмаса қалған балаларға бас-көз бол», - деп айтумен болды.

Сайын - ешкімге жамандығы жоқ, керісінше, қолынан келгенше бәріне көмек көрсетіп, ешкімді ренжітпеуге тырысатын жан болатын. Айналасындағылардын бәріне - отбасы, бала-шағасы, іні-қарындастары, әке-шешесі,туған туыстары, достарына да өте мейірімді еді. Мәдениетті, ұстамдытын. Бәрін терең ойлап, ақылмен шешетін. Абай атамызша айтқанда «ақырын жүріп, анық басатын» адам дер едім.

Шығармаларының барлығында Сайынның шынайы сезімі, таза көңілі айқын байқалып, адал жүрегі соғып тұрады.

Кейіпкерлері кандай ұяң, сыпайы, биязы болса, Сайын дәл сондай жантын.

Қанша жерден айт, айтпа, Сайынның орны мен үшін бөлек қой. Жарты ғасыр отасыппыз. Қатты кетіп, бет жыртысып көрмепті. Отбасы болған соң неше түрлі жағдай болады ғой, бірақ та, жазатын адам ел, халық адамы болғандықган, кешірімділікпен, сабырлылықпен қарауға тырысатынмын. Өзі де жүрегі жылы, мейірімді, жұмсақ мінезді адам еді. Жаны жәннатта болғай!

Мәриям Мұратбек келіні. АЛМАТЫ.
// Егемен Қазақстан. - 2011. - 26 қазан.

Комментариев нет:

Отправить комментарий