среда, 21 мая 2014 г.

БАЛАЛАРМЕН СЫРЛАСҚАН СЫРБАЗ ЖАЗУШЫ

Мұратбеков Сайын
    (1936-2007)

"Жоңғардың жықпыл-жықпылдарында шашылған тарыдай қысы-жазы бытырай көшіп жүрген көшпелі  жұрт жиырмасыншы жылдардың аяғында әр тұсқа кеп, жиырма-отыз түтіннен бірігіп, қоныс теуіп, артельдер құрыпты. Сөйтіп, отырықшылдыққа айналған. Ал кейінде туған біздерге сол колхоз адамзат жаралған күннен бастап құрылғандай болып көрінетін.
"Бай", "кедей" деген сөздерді үлкендер аузынан естігеніміз болмаса, мағынасына онша түсініп жатпайтынбыз. Біздер үшін колхоз бастық бар, бригадир және қатардағы жай колхозшылар бар". "Біздің Ешкі өлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді. Ұзыннан-ұзақ бір көше боп жоғарыдан төмен қарай созылып жатыр..."

Міне, жазушы өз қолымен жазған қос әңгімесіндегі үзіндіде өзі туған Қоңыр ауылын осылайша суреттейді. Бұл мекен Алматы облысының Қапал ауданының (қазіргі Ескелді ауданы) бір мекені. Өмір көрген Сайынның алғашқы әңгімелерінен-ақ жарқырап салғанын өз теңдестері жарыса жазады.
"Табиғаты әсем өлкеде туған суреткер көзін сала көрген әлемді сөзбен тіркеуге тырысты. Миуалы дүниенің мәуесін мәпелеп тірлік кешкен бағбан ортаның биязы да бипаз қулығын сол қалпында сөзбен жеткізуге ұмтылды. Шалғынның сусылы мен бұлақтың сылдырын тыңдап өскен нәзік сезім тіршілікті пәк қалпында түйсініп, түсініп, өзгелерді де сұлулыққа еліктіре білді. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ сөз өнері жәрмеңкесінің бір төрінде - Жетісу бағынан жаңа үзіп әкелген бір себет миуадай жұпар аңқып бір үйір кітаптар тұрады. Ол - Сайын Мұратбековтың әңгімелері мен хикаяттары. Дер кезінде жұлынған жемістердей шырынды да шырайлы шығармалар. Бір ғана қалам- гердің емес, бүкіл бір әдебиеттің уыты мен сүйкімін таныта алатындай, сындарлы туындылар", - деп жазады атақты қаламгер, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Сайын аталарың туралы. Мұнан артық сөз айту да қиын шығар. "Менің қарындасым", "Ауыл оты", "Көкорай", "Отау үй", "Жабайы алма", "Кәмен тоғай", "Басында Үшқараның", "Жусан иісі"...
"Мен күн құрғатпай жазатын қаламгерлердің қатарына қосылмаймын. Көп ойланамын, көп толғанамын. Діттеген дүниеме, міне, содан соң ғана барып кірісемін... Менің әдеби кредом - аз болса да, саз жазу. Сол арқылы сапалы да шебер орындалған толыққанды шығармаларға қол жеткізу", - депті Сайын Мұратбеков. Оның жазушылық лабораториясының айла-әдістеріне куә болған көрнекті жазушымыз, әңгіменің шебері Жекен Жүмақанов былай деп әңгімелеуші еді:
— Керемет, ия, нағыз керемет. Ұмытпасам 1969 жылдың ерте күзі. Редакцияда отыр едім, ойда жоқта телефон шыр етті. Алсам сыпайы сәлем берген жігіт дауысы Ассалаумағалейкум, Жекен аға, Сайын деген ініңіз боламын" деді ол. "Сәлемет бол, айналайын" деймін. Үні жылы, сызылып тұр. "Сізден бір нәрсе сұрайын деп ем. Уақытыңыз болса "Алматы" ресторанында кездессек". Бұрын-соңды мұндай шақыруды күтпеген едім. Жазып жүрген шыгармаларын қызыға оқитыным анық. Оның үстіне аз жазса да саз жазады. Сәлеміміз дұрыс. Іні шақырса, аға неге бармасқа? Уақытын белгілеп алып, қызмет соңынан уәделі жерге жол тарттым. Жұлқынып тұрған Сайын жоқ. Кейбіреулер сияқты пысықсып, асты-үстіне түсіп, алдыға түсіп жорғаламайды, сыпайы сырбаз.
Әңгімені айта отырып ас алдық. Айтар бұйымтайына асыққан Сайын жоқ. Әлде бата алмай отыр ма, онысы белгісіз. Бір сәт барып, әлдекімнен жасырғандай: - Аға, бір әңгіме жазып жүр едім. Тақырыбын да қойған жоқпын. Соның мына бір жері қалай болар екен?. (Кейіннен бұл әңгіме "Ары, бері жол" деген атпен 1978 жылы араға сегіз жыл тастап "Жұлдыз" журналында жарияланды). Әңгімеде шопыр Көкбай бақташының әйелі Күлшара және Бөкен деген қағілез бала бар. Шопыр жігіт пен Күлшара баланы "жата тастап" астарлап сөйлейді.
— Артық доңғалақ алып шығыпсың ғой, - деді Күлшара.
— Зияны жоқ ол доңғалақтың, жата берсін, - деді Көкбай шопыр. "Доңғалақ" деп отырғаны Бөкен бала. Одан арыда:
— Оның аузы қалай еді, өзі? Берік пе? Ішінде жел тұрушы ма еді! -деді Күлшара.
— Тұрады ғой. Желімдеп тастаймын ғой. Солай емес пе, Бөкен, - деді Көкбай бұған көз қиығын тастап жымыңдай күлді. Қарап отырсам жас жазушы адам ойламаған жаңалық тапқан сияқты. Қызығып кетіп басымды изеп, мақұлдай бердім... Тағы да бір астарлап сөйлеудің түрі:
— Ен теймізіс, - деп Күлшара сөздерді теріс айналдырып сөйлеп қақпақылға көшкен.
— Меймінбіл, - деп күлді Кекбай. Бұны біздің Семей жақта ежіктеп сөйлеу дейді.
Шынын айтайын, жас жазушыға таң қалдым. Ол сол кезде отыз екі-отыз үштердегі жас жігіт қой. Оқырманына жақындау үшін қаншама дайындық қажет. Зерттеу, талдау, білу. Мен Сайыннан келешекте аса үлкен қаламгер шығатынына сендім. Әй, жас жазушылар, бәрің де Сайынша әрекет етіңдер дегім келді..."
Әдетте Сайын Мұратбеков алғашқы әңгімелерін балаларға арнап жазған. Оның "Құлып", "Атақаз" әңгімелері қандай тамаша. Ал, "Жусан иісі" ше? Ылғи бала кейіпкерлері Бокен, Аян, Жібек, Қаршыға, Қанат...
Сайын Мұратбеков: - Өзіңізді әңгіме жанрына табиғи түрде тартқан қозғаушы күштің қайнар көзі неде деп ойлайсыз? - деген сұраққа -... Біліміміз жетсе де білгіміз келмейді, әйтпесе, кейбір ертегілер өзінің сюжет пен композициясы, психологиялық иірімдері жағынан бүгінгі қай жазушымыздың шығармасынан кем деуге болады? Мәселен, "Күн астындағы Күнікей қыз" бен "Толыбай сыншының баласы" атты ертегілерін алып көрейікші... - деп жауап береді. Шындығында, жазушы боламын деген баланың еңбек етуі Сайынға ұқсаса жаман болмас еді. Әрине, талант та керек-ау. Талантты талап ұштайды, деген бар емес пе? Балалар, Сайын шығармаларының үзігін ғана өздерің оқып көріңдерші... Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргөзге қол-аяғымызды қызыл ала қан жоса ғып жырғызып, ұзақты алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегенде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қанап қалатын да, зар қаққтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз. Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да тістелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді..."
Қысқаша өмірбаяны: Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында туған. 1954 жылдан бастап өз ауылында еңбекке араласқан. 1955-1969 жылы Алматы облыстық газетінде, "Жұлдыз", "Қазақ әдебиеті" басылымдарында, "Қазақфильм" киностудиясында қызмет істеген. 1969-1972 жылы Жоғары курс тыңдаушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының әдебиетті насихаттау бюросын басқарып, кейінірек, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде мәдениет  бөлімінің сектор меңгерушісі болды. 1977 жылдан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы, екінші хатшысы, "Жазушы" баспасының директоры, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. "Құрмет белгісі" орденімен марапаттатлған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Шығармалары көптеген шетел тіліне аударылған. Шығармалары: "Менің қарындасым", "Ауыл оты", "Көкорай", "Отау үй", "Жабайы алма", "Дос іздеп жүрмін", "Жусан иісі", "Кәмен тоғай", "Басында Үшқараның" және "Тел өскен ұл" атты көркем фильмі бар. Сайын Мүратбеков 2007 жылы дүние салды.

Источник:
Балалар бағының бағбандары : анықтамалық / құраст. Ш. Күмісбайұлы. – Алматы : Балалар әдебиеті, 2008. – 300 бет.

Комментариев нет:

Отправить комментарий