среда, 21 мая 2014 г.

СЬІМБАТЫ БӨЛЕК СЫРЛЬІ ӘЛЕМ


Көркем әдебиет жас баланы
саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді.
Лион Фейхтвангер
  
Аскар таудың биіктігін етегінде тұрып аңғармайтының сияқты тумысы бөлек тұлғалардың кермиық керемет келбетін ол жер басып жүргенде бағалай бермейсің. Ұлылар үндемей жүріп үлкен іс тындырып, үнсіз ғана өмірден озады. Әркез уақыттың алдын орап, катарынан оқ бойы озып жүрген ондай бітімді талантты, қанатты ақиық азаматтар о дүниеге аттанғанда өзімен бірге қаншама ақыл, ой қазынасын, айтылмаған асыл сөзін алып кетеді десенші. Иә, тумысы бөлек тұлғалар бастаған көшелі көш қашан, қайда да ілтгері басады. Көшбасшысы өмірден озғанда ілгерілеу іркіледі, кейде тіпті, тоқтап, тоқырайды.
Күні кеше ғана жанымызда жүрген Сайын Мұратбековті еске алғанда осы ой қалам ұшына орала кетеді. Рим императоры Карл бесіншінің өлеңінде: «Патшаның жақсысы болғанша, жазушының жаманы болуым керек еді», — деп өкінгені еске түседі. Ал Сайын Мұратбековтін қандай жазушы екенін ел біз айтпасақ та біледі.
Сол Сәкеңмен мен алғаш 1962 жылы таныстым. Оның озімен емес, шығармасымен. Казақстанның әр қиырынан келіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық Университеттің Калинин көшесіндегі жатақханасында тоғысқан ауылдың қарадомалақ балалары «Менің құрдасым» атты кітапты таласып тармасып оқыдық. Көлемі шағын, мазмұны бай жұп-жұқа жинақтағы жұп-жұмыр, жып-жылы әңгімелер бізді бірден баурап алды. «Қысқы демалыста ауылға келген» студенттің оншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткен қарындасы» көз алдымыздан кетпей қойды. «Шолақтау келген сүйкімді мұрны үнемі күлкі нышанын аңғартып, сөйлеген кезде делбіреп тұратын. Қақ жара өрген қалың қара шашының маңдай алды бұрымына қосылмай, бұйралана шоқтанып өскен. Ол кейде желбіреп көзіне түсетін. Орта бойлы, қараторы жүзді, әркездегі ерке қалпында» ағасымен «таласа кетуге дайын тұратын өжет қыз» жүрегімізді жаулап алды. Толған айдай толықсып он жетіге келген Әлима атты сол қыз аз уақытта өзгеріп кетіпті. Оның «жүріс-тұрысы да, сөйлеуіде, тіпті езу тартып күлгені де басқаша. Бойы сұңғақтанып, қараторы, ерке жүзі ашаңданған, есейген пішіні бар, ойнақшып тұратын көздері де байсалды ойлы қарайды. Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккен қызыл драп пальтосы да өңіне жарастық беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда қарындасымыз тамаша сұлу қыз болыпты».
Ең бастысы, ауылдың осы бір карапайым қызының бет-бейне сыртқы тұлғасы ғана емес, мінезі, ішкі жан дүниесі де өзгерген. Оның «сол баяғы ерке калпына байсалдылық еніп, сұлулығына басқаша бір жарастық беріп тұр. Сүйкімді жұмыс иегі діріл кағады. Тек көзінде ғана жан білмес терен сыр бар». Ол сыр тегін сыр емес, махаббат сыры. Әлиманы өзгерткен де сол алғашкы махаббат.
Бар болғаны алты-ақ беттік шап-шағын әңгімеде жазушы жүректің нәзік кылын шебер шертіп, адам жанының иірімдерін тамыршдай тап басып, тамаша бейналеген. Әңгіме кейіпкерінен жанды бейнеге айналған Әлима кейде түсімізге де кіретін. Содан бері арада жарты ғасырға жуық өтсе де, Сайынның сол бір сырлы, мұнды қарындасы әлі де көз алдымызда. «Менің қарындасыммен» тақырыбы бір болғанмен, шешімі басқа, шеберлігі деңгейлес «Райгүл» жайында талай рет тандай қағып, тамсанғанымыз есімізде.
Соғыс салған жаранын адамдар жүрегін сыздатқан солқылын «Жусан исіндегі» бір аяғын сылти басатын Аян мен «Күзгі бұралаң жолдағы» «Менің әкем соғыста өлген, апа-а.. - деп өкіріп жылап жіберетін» Қанатай бейнелері арқылы шебер бейнелеген Сайын Мұратбеков «Отау үй» әнгімесінде Тана мен Ұзақтын сүйіспеншілік сезімін жан-жақты суреттеп, олардың жан-дүниесін жарқырата ашқан.
Қазақтың көрнекті қаламгері Әкім Таразидың сөзімен айтсақ: «Сайын отызға толар-толмасында әдебиеттің мықты қаламгерлерімен иық тіресіп, биікке көтерілген жазушы». Әкім ағамның пікірін костай отырып, мен айтар едім — Сайын Мұратбеков біреулер айтып жүргендей Бейімбет Майлиннің ең үздік шәкірті емес, ұстазы салған соқпақты даңғыл жолға айналдырып, оның көркемдік мектебін жаңа бір биікке көтерген классик деп.
Уызына тойған қозыдай томпиып жүретін Сайын Мұратбековпен алғаш Жазушылар одағында танысып едік. Әлі есте, бәрі есте. Сонау жетпісінші жылдардың басы. Үзіндісі сол кездегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінде, толық нұсқасы «Жұлдыз» жорналында жарияланған «Ақ аруана» атты повесімді құттықтаған, болашағыма сенім білдіріп, қанаттандырған Сайын ағамнын мейір, шапағатын қалай ұмытайын?
Сол көзі тірі Сайын Мұратбековпен жақын жанасқаным 1977 жылдың қысы. Қазақстан КП Орталық Комитетінде сектор меңгерушісі болып істейтін ол «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Мен осы газетте бөлім меңгерушісі едім. Араға от жағып, өсектің отын өршітпесе ішкені ас болмайтын «жанашыр ағаларым»: «Ал, қалқам, жұмыс ізде. Білесің бе, Сайын жылы жақтың жігіті, суық жақтың жігіттері онын арқасына аяздай батады», - деп ақыл айтты. Арада алған — бергеніміз болмаса да өзіме ерекше жылы қабақ танытып жүрген, өзім қатты құрметтейтін Сайын ағамның Алматы облысының Қапал ауданынан екенін сонда ғана білдім. «Қамқоршыларымның» сөзіне сенерімді де, сенбесімді де білмей көңілім күпті болып жұргенде Сайын шақырып былай деді:
— Несін жасырайын, маған ең алдымен бұрынғы бас редактордың жерерлесінен құтыл дегендер де бар. Әйтсе де, мен ең алдымен саған арқа сүйегім келеді. Сен «Қазақ әдебиеті» газетінің қабырғасы қайыспас қара нарысың. Мен сені жұрттың өсегіне қарап емес, газет бетінде сайрап тұрған еңбегің мен ақкөңіл, адалдығыңа қарап бағалап отырмын. Байқаймын, көңілінде күдік бар. Алаңдамай жұмысыңды істей бер. Сен мен кеткенше бұл газеттен кетпейсің.
— Рахмет, Сайын аға! Сеніміңізді ақтауға тырысамын, — дедім мен. Осы әңгімеден соң қаламыма қанат бітті. «Манғыстау мұнаралары» атты жеті очерктің ізін суытпай, «Қоңырат — Балқаш — қос алып» деген ортақ атпен Орталық Қазақстандағы өндіріс орындары жайлы сериалы мақалалар жарияладым. Газет қызметкерлерін қабілетіне, еңбегіне қарай бағалайтын Сайын апта сайын болатын лездемеде Аскар Егеубаев екеуімізді қолдап, қолпаштап отырушы еді. Сөйтіл, нәзік сыйласып, сыпайы қарым-қатынас жасап жүрген ағаммен бір рет шекісіп қалғаным бар. Бірге қызмет істеп, иықтасып жүрген күндердің бірінде Шыңғыс Айтматовқа «Қазақ әдебиеті» атынан телефон шалып, Мұхтар Әуезов туралы жазып беруін өтіндім. Газетте жүргенде талай мықтыларды шамамыз жеткенше аудардық қой. Сонда бір байкаға- ным, таза орыстардан гөрі орыстілді ұлт жазушыларын тәржімелеу қиын екен. Шыңғыстың Мұқаң жайлы жазылған мақаласын қиналып аудардым. «Мұхтар Әуезов туралы сөз» деп аталатын сол көлдей дүниедегі «Судьбоносная Россия» деген тіркесті аудара алмай Ғабаңе — Ғабит Мүсреповке телефон шалдым. Ол кісі мен ұсынған нұсқалардан «халықтар тағдырын арқалаған» деген тіркесті мақұлдады. Сөйтіп, алынбаған біраз ащы терімді сыпырған еңбегім газетке шығарда оның соңындағы аудармашы ретіндегі аты-жөнім түсіп калыпты. Сол күні кезекші болмасам да жүрегім әлденені сезіп, баспаханаға бара қалмаймын ба? Сол сәтте жауапты хатшы Әбіраш Жәмішев пен Сайын Мұратбеков те келе қалды. Екеуі келісіп алған ба, біріне-бірі сілтеп сөздері бір жерден шыққан олар: «Кім аударғанының оқушыға керегі қанша? Ослай «орысшадан аударылды» деп, ұжымдық еңбек болып кете берсін», — деді. Мұны естіген мен: «Сайын аға, сіз не менің аулармашылық құқығымды сақтап, мақаланы кеше теруге жіберген қалпына келтіресіз, болмаса, мен мына қорғасынға құйылып, дайын тұрған гранканы шашып жіберемін», — дедім. Олай болғанда ертесінде газет шықпайтыны анық. Себебі, басу техникасы казіргідей жетілмеген. Материал қолмен теріледі. Айтқанынан қайтпайтын екі бастық менің талабымды амалсыз орындады. Содан олармен біраз уақыт қырын қабақ болдым. Арадағы сол салқындықты: «Бір ашуға бола қыл өтпестей татулықты бұзбайық» деп, елдің көзінше жуып-шайған Сайыннын өзі. Сол сәт менін ойыма Махатма Гандидің «Кешіре білу мықтыларға ғана тән» деген сөзі оралды.
Мінезі қанша жұмсақ болғанмен, өз принципін қорғай білетін, әділдікке көзі жетіп тұрғанда айтқанынан қайтпайтын Сайын Мұратбеков жоғарыда отырған біреулерге жақпай, тура елуге толған күні «Жазушы» баспасы директоры кызметінен кетуге мәжбүр болды. «Жаны нәзік Сайын жүрегі жүдеп отырған шығар, көңілін аулайын», — деген оймен сол күні кешкісін үйіне бардым. «Мерейтойыңыз кұтты болсын!» деп ағама шапан жауып, зайыбы Мәкеңе гүл ұсындым.
— Мәриям, мен саған айтпадым ба. Басқа келмесе де Сәбит келеді деп. Айтканым айдай келді емес пе? —деп Сайынның қуанғанын көрсең. Сонда мен ойладым, адамға көп нәрсе керегі жоқ екен ғой. Құстын тұмсығындай қысқа өмірде сыйласып өткенге не жетсін деп.
2004 жылдың наурыз мерекесі қарсаңында Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков бастаған ағаларымды өз шаңырағымда дастархан жайып қарсы алдым. Сонда Сайын ағам «Алдымен мына сары қызды сыйлайык» деп, Шәрбану Кұмарованы өзінен жоғары отырғызып, жасы үлкен ағаларына да жол беріп, сынық мінез сыпайылығымен ерекшеленіп еді. Сол жолы Мәскеуден орыс тілінде шыққан «Горький запах полыни» атты кітабына колтаңба жазып алып келген болатын. Сайын ағамның көзіндей болып сол кітап төрде тұр.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекеттік сыйлыққа Сайын Мұратбековпен бірге түстім. Мен бірден: «Сайын ағаммен таласпаймын. Егер дауысты бірдей алатын болсак, мен емес, сол кісі алсын», — дедім. Кездескен адамнын бәріне: «Мен алмасам да, Сайын алса екен», — деп айта бердім. Бірінші қиындық — шығарманы Одақтын проза кеңесінде қарайды. Мен өзім сол кеңестің мүшесімін. Атын айтпай- ақ қояйын, кеңесте сөйлеген біреу: «Сайынды сыйлыққа ұсынбай-ақ қояйық. Себебі, отыз жылдан бері ешнәрсе жазбаған. Мынай кітабы құрастырылған, ескі екен», — деді. Шыдамадым: «Әй, жігіттер, сол сыйлықты алмаса да, Сайынды классик деп қазақ халқы да, бүкіл дүние де баяғыда мойындап қойған. Жазбаса, денсаулығы болмаған шығар, бұрынғы биігінен төмендегісі келмеген болар, жаман жазғысы келмеудің өзі де ерлік емес пе? Біз Сайынды колдайық, осы кеңестен жіберейік, ұсынайык сыйлыққа, өзі де екі дүние ортасында қатты жатыр, еңбегін бағалайық», —деп едім, отырған жігіттердің көпшілігі дүр етіп қостай жөнелді. Соның өзінде мен 52 пайыз дауыс алдым. Бірак маған қарсы адам, неге екені белгісіз, мені өте өтімді адам деп ойлайды. Олар «Досанов алып кететін болды-ай» деп, аһ ұрып жүрді осы екі аралықта. Бірақ мемлекеттік сыйлықты алмағаныма аздап жүрегім ауырғанымен, талай тоқпақ жеп үйреніп қалған адаммын ғой, бойымды тез жинап алдым. Себебі менің ренішімнен гөрі қуанышым басымдау еді. Сайынның алғанын шын жүрегіммен тілеп едім. Өйткені, өмірде дос едім, көрші тұрдық, шын жақсы көріп, сыйлап едім, оның үстіне жақсы адамды қалай құрметтесем, әділдікті де солай сүйемін. Сайын алмай мен алып кетсем, аруақтың артында жүрегімді күн сайын осқылаған ауыр азап арқалап жүрер едім. Сол кезде Сайын қатты ауырып, тілге келе алмай жатты ғой. Ең ауыр жаза - ар жазасы. Өзіңді- өзің жазалаудан ауыр азап бар ма? «Өзіңмен өзің оңаша қалғанда ұят іс істеме» деп ұлы Лев Толстой бекер айтты дейсің бе?! Өмірде ешнәрсе ізсіз кетпейді: жақсылық та, жамандық та, ерте ме, кеш пе алдыңнан шығады. «Бүгін тіршілікті істеген ісің ертең о дүниеде оратын егінің» деген жоқ па Мұхаммед пайғамбар.
Мен Сайын ағамның сыйлық алғанын ести сала, үлкен шок гүлді сатып алдым да, таудағы үйіне тіке тарттым. Бірінші болып құттқтаппын. Бұған дейін менін Одақтағы проза кеңесінде айтқан сөзімді оған біреулер жеткізген екен. Мәриям жеңгеміз: «Ағаң саған бұрын да риза еді, ауырып жатса да риза болғанын білдірді», — деді. Сайын ағамның жанына екі рет барып едім, мені танымады, тек кетерімде коштасайын деп үшінші рет барып, құшақтап едім, көзін ашып, мені танып, қолымнан қысып, жібермей койды. Ризалығын, қуанышын осылай білдірді. Сол бір сәт күні бүгінгі дейін көз алдымда.
Сайын Мұратбековтің шығармалары — сымбаты бөлек сырлы әлем. Оның «Менің қарындасым»,«Ауыл оты», «Көкорай, «Дос іздепжүрмін», Қалын қар», «Өліара», «Отау үй», «Жабайы алма» атты прозалық кітаптары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына.
Сайын Мұратбеков «Менің карындасым» атты алғашқы әңгіме- сімен-ак отызға жетпей орда бұзған, кырыққа жетпей «Күзгі бұралан жолмен» шеберлік дейтін шынға шыккан хас талант қой. Өзі қандай сымбатты болса, шығармалары да сондай сұлу..емес пе? Жаны да жана жауған ақша қардай аппақ еді. Алла берген өлшеулі ғұмырмен ағамыздың артында уақытша қалып тұрған біздер бүгін сырға толы ғұмыр тоқтаған жылдан соң да, одан кейін де, жүректің оты жеткенше, бұ дүниеден өткенше: «Сымбаты бөлек, сұлу ағам-ай!» деп еске алармыз. Сайынның жаны қандай мөлдір болса, ол жазған шығармалар да сондай мөп-мөлдір. Ол халқымен бірге жасай беретін қайта тумас, қайталанбас хас талант.
Қалихан, Әкім, Қабдеш, Рамазан, Сайын әдеби ортада «Бес тапал» атанған достар еді. Олардың бойлары аласалау болғанмен, арманы биік, ойлары терең. Сол екеуінің — Рамазан мен Сайынның өмірден ерте кетіп, терең теңіздердің ерте тартылғаны өзекті өртейтін өкініш. Екеуі де өзі өлсе де сөзі өлмейтінінің өзі ғой. Қалған қазақ аман болсын деп тілейік. Андрей Битовтың сөзімен айтсак: «Әлемнен әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады». Алла азаматты сол апаттан сақтасын!

Сәбит ДОСАНОВ,
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Досанов, С. Сымбаты бөлек сырлы әлем / С. Досанов // Шығармалар Т. 1 / С. Мұратбеков. – Алматы : Ан арыс, 2013, - Б. 5 – 9.

Комментариев нет:

Отправить комментарий