суббота, 4 апреля 2015 г.

ҚАЙСАР ҚАЛАМГЕР

Закария Сисенғали

Сонау бір Алматы қаласында оқып жүрген шағымызда қолымыз қалт етсе, Абылай хан (ол кезде Коммунист, 105) даңғылындағы Жазушылар одағынан табылушы едік. Ұзақты күні талмастан «Қаламгер» кафесінде отырып, кірген-шыққан жазушылардан көз алмайтынбыз. Бір қызығы, оларды нақ бір туысымыздай шетінен жыға танитынбыз.«Әбу ақсақал келді, Әбділда ақынды қара (олар көзге сиректеу ілігетін), анау цилиндр қалпақты Ас­қар Сүлейменов қой, әне... әне, шашы иығына түс­кені Жарасқан ақын, анау бакенбард Шө­міш­бай», – деп бір-бірімізбен сыбырласа үн қатысып отыр­ғанда кештің қалай болғанын білмей қалушыедік.

Күндердің күнінде Одақтың сыртқы есігінен кі­ріп келе жатқан, сәл еңкіштеу, бір аяғын сүйрете ба­сатын, селдір шашты, дөңгелек көзді ақ сары адам­ды көргенде, бір-бірімізге бажырая қарап, ау­зымызға су толтырып алғандай, әлгі кісі жанымыздан өтіп кеткенше үніміз шықпастан тұрдық та қалдық.
Бұл – қазақтың қайсар жазушысы Ілияс Есенбер­лин еді.
Біз ол кезде Ілекеңнің «Қатерлі өткел», «Ға­шық­тар», әсіресе «Қаһар» деп аталатын романдарын оқып та үлгергенбіз.
Кейін Ілекеңнің сол кездегі Орталық Комитеттің саябағында жазушы Сәуірбек Бақбергеновпен әңгімелесіп отырғанын әлденеше рет көрдік.
Бертін келе жазушының «Көшпенділер», «Алтын Орда» атты тарихи шығармаларын түгесе оқып, кешегі адымыңды да, аузыңды да аштырмай­тын тоталитарлық кезеңдегі қаламгердің батыл­ды­ғына, ізденімпаздығына, еңбекқорлығына тән­ті болдық.
Расы керек,«Мәскеу қаласына жау табаны ти­меген, ұлы халықты жеңген әскер болған емес» деп, біздің санамызда сіңірдей сіресіп қалған ұғым­ның тас-талқанын шығарған да Ілекеңнің шы­ғармалары еді.
Ілекең арқылы біз Жошы, Шағатай, Үгедей, Тө­ле ұлыстарының тарихымен, Алтын Орда дәуі­рі­мен, Тоқтамыс, Ақсақ Темір, Едіге сынды ұлы тұл­ғалардың тағдырларымен таныстық.
Ең бастысы, ХХ ғасырдың екінші кезеңінен бас­тап атын ауызға алуға тиым салынған Кенеса­ры ханның патша отаршыларына қарсы он жыл бойы жүргізген күресінің ақиқатына да Ілекең ар­қылы көзіміз жетіп, турасын айтқанда, өмірге қай­та келгендей болып түледік.
Әттең дейміз-ау, Ілекең осы шығармалардың бә­рін еліміз егемендігін алғаннан кейін жазғанда, қан­шама құпия көмбелердің беті ашылған болар еді.
Қайсар қаламгер іштен де, сырттан да қыс­қаш­тай қысқан құрсаудың қыспағында жүріп, осынша­ма тарихты кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетті.
Жазушы шығармаларының қаншама парағы ту­ралды, кім біледі, бізге белгілісі осыншама құн­ды еңбек бақталастарының кесірінен сол кездегі ең жоғары дәрежелі Лениндік сыйлыққа өтпей қалды.
Бүкіл ғұмырын елінің сан ғасырлық тұрлаулы-тұрлаусыз тағдырын көрсетуге арнаған қаламгер үшін бұдан ауыр соққы бола ма?
Тәубә, міне, Елбасымыздың ұйғарымымен үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Биылғы жыл бүкіл елімізде көр­некті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ілияс Есенберлиннің де 100 жылдығы атап өтілу­де.
Қазақ тарихы мен Есенберлин тағдыры бір-бі­рі­нен ажырамас егіз ұғым.
Кезінде ұлы жазушыны сайқал саясат, күйелеш қоғам халқынан қаншалықты алыстатқысы кел­генімен, уақыт – төреші таразы басын теңестіріп, екеуін де бір арнаға түсіріп, біріктіріп, бітістіріп жіберді.
Ендігі жерде қазақ деген халық барда, жазушы Есен­берлиннің де есімі мәңгі жасайтынына күмән жоқ.

Закария Сисенғали,
ақын-журналист.
Жаңақала ауданы, Батыс Қазақстан облысы.
//Қазақ әдебиеті.-2015.-30қаңтар

Комментариев нет:

Отправить комментарий