суббота, 4 апреля 2015 г.

СЕҢДІ БҰЗҒАН СЕМСЕР ТІЛ

Дархан Қыдырәлі

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата заңымыздың 20 жылдығы секілді соқталы шаралар аталып өтеді. Жуықта Халықаралық Түркі академиясына арнайы келіп, ұйымның осы бағыттағы жоспарына ерекше мән берген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова іс-шаралар легінің бағыт-бағдарын айқындады.Осы орайда Халықарлық Түркі академиясында өткен «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты «Дөңгелек үстелде» тарих пен әдебиеттің байланысы, тарихшы мен жазушының арақаты­насы, жа­зушының тарихты сомдаудағы cуреткерлік фантазиясы, тарихи ақиқат пен көркем шындық­тың межесі секілді мәселелер түрлі қырынан талқыға салынды. Қазіргі қоғамдық-рухани өмірі­мізде маңызды мәнге ие бұл ахуалдар биыл туғанына 100 жыл олып отырған заңғар жазушы, қа­зақты тарихымен табыстырған біртуар қа­ламгер І.Есен­бер­линнің шығармашылық өнер­нама­сы аясында, сонымен бірге, тарихи тақырыпта қалам тербеп жүр­ген көптеген жазушылары­мыз­дың шығармасы не­гізінде кеңінен талданды. 

Алқа­лы жиынға көр­некті қалам­герлер, ғалымдар, сондай-ақ, ҚР Пар­ламентінің депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және жазушының туыстары қатысты. Өз кезегінде Халықаралық Түркі академия­сы­ның президенті Дархан Қыдыр­әлінің «Жалпы Халы­қаралық Түркі академиясы қазақ хандығының 550 жылдығын жыл бойы атап өтуді жоспарлап отыр. Тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде осыған қатысты елеулі шаралар өтеді. Сол шараларда әлбетте Ілияс Есен­бер­лин­нің де аты аталатын болады», – деген уә­жін зия­лы қауым риясыз мақұлдады. Сол алқалы бас­қосуға байланысты Ха­лы­қаралық Түркі ака­де­миясының президенті, тарих ғылым­дарының док­­торы Дархан Қыдырәлінің ма­қала­сын ұсына­мыз.
Жалпы, Ілияс Есенберлин есімі бүгінде тек қазақ қана емес, бауырлас түркі халықтарының тарихи жа­дын жаңғыртушы, ұлы дала көшпен­ділерінің жеті жүз жылдық тарихи баянын көркем­дік тұрғыдан байыптаушы біртуар қаламгер ретінде мақтанышқа айналды. Әйгілі «Көшпен­ділер» трилогиясы дүние-жүзінің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басыл­ған. 2005 жылғы есеп бойынша, әлемнің түкпір-түкпіріне жеткен таралымы 3 миллион дана екен.
Бұдан жазушының тарихты көркемдікпен көм­ке­ріп насихаттаушы, елді өз тарихын сүюге үй­рету­ші тұлға екендігін байқай аламыз.
Расында аттың жалында, атанның қомында жүр­ген баба қазақтың бағзы тарихы қағазға түсіп хат­та­ла бермеген, сол себептен де жылнамашының міндетін ақын-жырауларымыз атқарып, артына шежірелі жырлар, әпсана-аңыздар, эпостар мен түр­лі тарихи өлеңдер қалдырып келген. Жалпы, әлем халықтарында ықылым заманда тарихшы мен әдебиетшінің қызметі ортақ болды, бұған тарих атасы деп аталып жүрген Геродот пен Го­мер­дің шы­ғар­малары куә. Тарихтың бертінде нақтылы ғылым ретінде қалыптасқанын ескерсек, бұл заңды да. Қазақта да ескілікті тарихи деректі жырауларымыз ел құлағына жеткізді, бұған Сыпыра, Бұқар, Нысанбай секілді көптеген жорықшы жыраулардың өлең­дері айғақ.
Міне, І.Есенберлин ұлы даланың жеті жүз жыл­дық тарихын сомдағанда ата-бабамыздан келе жатқан осы шежірелі дәстүрді мүмкіндігі аса мол про­за жанрында жаңаша кепте жалғастырған деуге болатын секілді. Сол себептен де І.Есенберлин қара орман халқының арман-тілегін дөп басып, ру­хани сұраныс мұқтажын өтеген, осылайша әлеу­мет­тік құбылысқа айналған қайраткер жазушы болды.
Ол шын мәнінде ызғарлы да ызбарлы кеңестік билік атын атауға тыйым салған ұлы даланың хандары мен баһадүрлерінің, заманында Байқал­дан Балқанға дейін тұлпарының тұяғы тиген алты сан алаштың даңқты тарихын жазуға тыңнан түрен салып, тоң боп қатқан қиянатшыл, қиямпұ­рыс тү­сінік­терге соққы беріп, сеңді жарған мұз­жар­ғыш кемедей қоғамға әсер етті. Оның қала­мы­нан туған «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971), «Жанталас» (1973) романдары, осылардың басын біріктірген «Көшпенділер» трилогиясы (1976), «Алтын орда» (1981) эпопеясы халқымыздың қалғып кеткен санасын түртіп оятып, үзілген кіндігін бабалардың қа­һар­мандық шежіресімен мәңгіге жалғаған алтын тамыр болды деуге негіз бар.
Ұлт тарихының адал шырақшысы, білгір тарихшы Е.Бекмаханов 1952 жылы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихын жазғаны үшін жиырма бес жылға сотталды, сонымен бірге, қазақ эпосын, фольклорын зерделеуші белгілі ғалымдар Қ.Жұ­малиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхамед­ханұлы бастаған бір топ зиялылар да тура осындай жазаға ке­сіліп, жапа шекті. Сол бір ауыр жылдары ел ардақтылары М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан­дар­дың да басына қара бұлт үйірілген, олар Ленин­градқа бой тасалап, үркіншілікке ұшыраған. Бұл қиын кезеңнен кейін қазақ тарихына қатысты үлкен роман тұрмақ, бір сөйлем жазудың өзі мүмкін емес көрінген жансебіл зауал шақ орнаған. Осындай марғау кезеңде түнекті түріпс жарқ етіп көрінген І.Есен­­бер­лин­н­ің «Қаһар» романы қапасты тілген нажағайдай сәуле шашып, елдің зердесіне өзгеріс әкелді, халық рухын дүр сілкіндіріп түлетті. Бұл қуатты дүмпу – әдебиет әлеміндегі І.Есенберлин ерлігі еді.
І.Есенберлин кереметі қалай туды, бұл құ­былыс­тың сыры неде, қоғамдық-рухани алғы шарты қа­лай? Бүгінгі азат заман ұрпақтары осы сауалға жа­уап іздейтіні, әркім әрқилы тұрғыдан жауап беретіні заңды.
І.Есенберлиннің қазақ прозасында Қазақ хан­дығы тарихын, ежелгі мемлекеттік түзімді, ел иесі хандар мен билерді, батырлар мен жырауларды тұң­ғыш рет тұтас та кең ауқымда жүйелі суреттеп, ата-бабалар басынан кешкен қилы заманалар мен дәуірлердің көркем шежіресін жасаған кең тыныс­ты, эпикалық ауқымдағы энциклопедист суреткер екені уақыт озған сайын тайға таңба басқандай айқындала түсті.
І.Есенберлиннен бұрын тарих тақырыбына қалам тартқан, әуелі Абылай хан туралы роман жазуға дайындық жасаған М.Әуезовтің мұратты жоспарын жүзеге асыруға кеңестік цензура рұқсат бермеген-ді. Қазақ прозасының хал-күйі осылай болса, бүгінгі күнгі таным, жаңаша көзқарас тұрғы­сынан байыптағанда қазақ поэзиясында жағдай керісінше болды және осы құбылыс соңына өшпей­тін алау қалдырғанын көруге болады. Алаштың ай­маң­дай абызы, түгел түркінің сайыпқыран самұрық ақыны Мағжан Жұмабайұлы қазақ поэзиясында түркі жұртының мұхиттай терең тарихының қой­науын ақтарып, ұлы тұлғалар мен ірі оқиғаларды мар­жандай сүзіп, меруерттей тізіп, тұңғыш жырға қос­қаны – Мәңгілік Елдің мәңгілік құндылығына айналды.
Мағжан жырынан оғыз-қыпшақ дәуірінің қо­быз­шы Қорқытын, от боп ойнап туған Аттила мен Баламер бастаған ғұндардың шаңды жорығының ізін, Шыңғыс ханды, Сыпатайды, азуын айға білеген Алтын орда ханы Бату мен Тұран әмірі Ақсақ Темір­дің ұран-сүренін, Абылай, Кене, Бұқар, Бөгенбай, Баян, Барақ бастаған дала көкжал­дарының галереясын тұтас көре аламыз. Осынау дала сырттандарының ішінде Кенесары бейнесі аруақты да айбарлы сом­дал­ған және бұл дәстүр кейінгі тарихи шығармаларға ал­тын өзек, құнарлы нәр болған деп кесіп айта аламыз.
М.Әуезов театр сахнасына 1934 жылы «Хан Ке­не» драмасы арқылы Кенесары рухын әкелді. Поэзияда сол жылы І.Жансүгіров «Күйші» поэмасында Кенесары ордасының тұрмыс-тіршілігінің суретін салды, 1939 жылы Қ.Бекхожин «Батыр Науан» поэмасын тудырды. Ал І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Қаһарды» да хан Кенеден бастауы осындай тарихи сабақтастықты аңғартады. «Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп Мағжан ақын айтқандай, аруақты баһадүр Хан Кене бейнесі І.Есенберлин шығармашылығында ұлы эпопеяларға құлақкүй, желілі тарихи романдарға күміс тиек болды.
«Қаһар» романында Қасым төренің артынан Сырға қарай суыт үркіп бара жатқан Сейтен батыр неге қатуланады? Ол туралы романда жазушы былай деп баяндайды:
«Батыс Сібірдің тұрғын жұртымен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жыны­сының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірін­ші Николай патша 1825 жылы 11-февраль күні ...Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібір­мен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген... Осы жарлық бойынша қолға түсірілген қыз бала шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті... Осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжан­ның жеті жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді...».
Міне, романдағы деректі ақиқат, ащы шындық, отаршылдар тарапынан қаймана қазақтың тартқан тақсіреті, ауыр күңіренісі.
І.Есенберлин трилогиясын әдебиет білгірлері «роман-хроника» деген жанрда жазылды деп ай­қындаған. Байсалды байлам, байыпты түйін. Тіпті, сол «Қаһар» романы жарық көре салысымен қуану­дың орнына бесігінде тұншықтырмақ болған кейбір сыңар езу сыншылар, алакөз айыптаушылар, қыра­ғы идеологтар І.Есенберлин шығарма­шылы­ғының алдымен көркемдігі кемшін деп мін тапқан. Жоқ, бұл трилогияның мақсаты да, көркем­дік кестесі де, құрылым-жүйесі де өзгеше өрнекті, арқауы алқап­ты. Мұндағы толғам мен толғақ қазақ баба басынан кешкен жеті ғасырдың зілмауыр жүгін, нар намысын арқалап тұрған толағай ой, қатпарлы көркем сана мен шытырман тарихи шындықтың қабат өрілуінен сом бітімді «роман-хроника» жанрын туғызды деуге болады. Романда араб-парсы, моңғол, қытай, орыс дерек­те­рін беру бұлтартпас шыншылдықты айғақ­таса, қазақтың ауыз шежіресі мен аңыздарды, тарихи жырларды қолдануы эпикалық кеңістікті, баһадүрлік дәуренді оқырман санасында оятып, көркемдік көкорайдың шүйгін өрісіне бастайды. Әр шығармада ұлы дала көшпенділерінің мем­лекеттік түзімін, салт-санасын, тамырлас халық­тардың байыр­ғы әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын,кәсіп-шаруашылық харе­кетін этнографиялық дәлдікпен, шынайылық­пен суреттеген қаламгердің интеллектуалдық қабі­летіне қайран қаласың.
Тілге тұсау салынып, тарихшыларға кісен киді­ріл­ген, архивтер мен көне қойма-қолжазбалардың аузына қара құлып түскен дәуірде сірескен сеңді бұзған семсердей жарқ етіп «Алтын орда», «Көш­пенділер» атты эпопеяның жарыққа шығуы І.Есенберлиннің кәсіби тарихшыдан кем емес өрелі маман, білікті зерттеуші екенін танытты. Бұған трилогияның әрбір парағындағы тарихты түптен тартып қозғайтын деректі тұжырымдар куә, ұлы хандар­дың жазған хаттары мен заң-жарғыларының, жыл­намалар мен шежірелер­дің таңдаулы нұсқалары айғақ.
Сол себептен де трилогия мен эпопеядағы деректілік, дәйектілік шартты көркемдік пен образды суреткерліктің солғындығынан туған емес, керісінше мақсатты түрде тұтас тарихынан ажырап, санасы сансыраған пұшайман жұртқа қызыл пролетариаттық тарихтан мүлде басқа, көшпелі көк түркілердің көкбөрілі байрағы, көк өгіздің терісіне жазылған, көк сиялы өзгеше тауарихнамасы бар екенін елестету еді. Бұл – І.Есенберлиннің қалам­гер­лік миссиясы, елін сүйген перзенттік парызынан туған адал қадамы еді. Сондықтан І.Есенберлиннің тарихи романдары кешегі кеңестік кезеңде қалың оқырман үшін бейресми тарих пәнінің оқулығы міндетін атқарды, ал бүгінгі тәуелсіз заман ұрпақ­тары үшін де ұлттың ұлы тарихын жас буынның санасына әдеби тәсіл арқылы сіңірудің, отаншыл са­на­ның ұрығын егудің бірегей құралы міндетін атқарып отыр.
Қамалды бұзған қайсар қаламгер халқының са­насын дүр сілкіндірді, Мәңгілік Елдің рухының ұшқынын кеңестік түнекте жарқ еткізді, ержүрек елі­нің қадыр-қасиетін дәріптеді. Қалың оқырман жү­регі жарыла қуанғанымен қырағы коммунист, қызыл партия сарбаздары талағы тарс айырыла шамданған, Кремльге дейін дабылдатып арыз айда­ған, тұрпайы сынның тезіне салып авторды атқа теріс мінгізбек болған. «Советтік сөзге қаламы, көр­меген әсте мұқалып» деп әспеттелген, социалис­тік реализмнің ұстанымдарына берік әйдік қалам­гер­дің тарихқа тас лақтырған пікірі І.Есенберлиннің қандай ауыр айыптауға ұшырағанын айғақтай түседі:
«Есенберлиннің кітаптарын тез шығаратыны сон­ша, тіпті оқып та үлгере алмайсың. Өз басым, қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітаптардың бәрін оқып жүрмін. Есенберлин маған кітабын сыйлаған емес. «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Кітап біршама жаман жазылмаған. Кенесары – бүкіл-о­дақ­тық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан КОК бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болуы керек. Оның іс-әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал, біздің Орталық Комитеттің қол­дауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз? Әрине, ескіні жазуға мен қарсы емеспін, бірақ хандық құрылысты мадақтаудың қаншалық қажеті бар еді? Халықтар­дың арасын ашып, араздастырған, тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды? Бұл кітап жастарға кері­сінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі».
Елдегі осындай сыншылардың салқыны тисе ке­рек, КОКП Орталық Комитетінің ірі идеологі А.Яков­лев «Против антиисторизма» деген мақала­сын­да «Қаһар» романын Кенесары хан қозғалысын әсіре дәріптеп, мадақтаған себепті ұлтшылдықты қоздырады деген айып тақты. Ал Орталық Комитет­тің бас хатшысы, партия көсемі Л.И.Бре­жнев бір алқалы жиында «Қазақстан қайдағы бір Кенесары дегенді тауып алды» деп қатқыл үнмен зілді сес көр­сеткен. Осындай алмағайып кезеңде қаймықпай, қаламын қоғамның қажетіне жаратқан қабырғалы қаламгерді қайраткер ғана емес, қаһарман деуге толық негіз бар.
Кейбір сыншылар І.Есенберлинді жазушы емес, инженер деп кемсітпек болды. Расында І.Есенберлин тау-кен инженері болды, ол тау жыныстарының, түрлі-түсті кен, асыл тастардың қалай қалыптасып, қым-қиғаш қыртыс түзетінін жақсы білген. Сондық­тан болу керек, қазақ халқының қалыптасу, көне тайпалар мен ру бірлес­тіктерінің толысып-толықсып, замана келбетінде халық болып ұйып, қазақ деген елдің хандық туын тігу құбылысын, табиғи бірігу-кірігу болмысын инженерге тән дәлдікпен, шынайы да шыншылдықпен көркем кестеледі. Оның қызыл советологияны ғана миға құятын сол кезеңдегі ресми гуманитарлық саланың құй батпағынан алшақ болып, Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев сынды тұлғалар көш­басшылық жасаған тау-кен саласынан әдебиет­ке тұтқиыл келуі большевиктік штампы мен стереотиптен аулақ болуына негіз қалады деуге болатын шығар.
І.Есенберлин тарихи роман жанрының көш­бас­шысы болумен бірге, артына өнегелі мектеп қалып­тастырған тәлімгер аға болды. Бұған қалың оқыр­ман­ды қуантқан Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, М.Ма­ғауин, Қ.Жұмаділов, Д.Досжанов сияқты жазу­шы­лардың шығармашылық жемісі куә.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, І.Есенберлин қаламының қуатынан туған халқымыздың жеті жүз жылдық тарихының кесек келбетін, тұтас тұлғасын, елеулі елдік оқиғалар, дәуірлер мен замандардың түйінді межелерін сомдаған сүйекті де мәйекті, дәлелді де дәйекті тарихи романдарды бүгінгі ұрпақ бағалайды, тағылым түйеді.

Дархан Қыдырәлі.
// Қазақ әдебиеті. - 2015. - 30 қаңтар.

Комментариев нет:

Отправить комментарий